Аймақтар • 24 Маусым, 2018

Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Павлодарда болды

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығына  жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясының  хатшысы Тамара  Дүйсенова   №37 орта мектепте  мұғалімдермен кездесіп, заманауи білім беру жүйесін дамыту жайында пікірлесті.

Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Павлодарда болды

Цифрлық технологиялар мектептің күнделікті тыныс-тіршілігіне енген. Оқушылар  мектепке арнайы карта немесе саусақ ізі арқылы кіріп-шығады. Ата-аналарға арнайы хабарлама жолданады. Бұл ата-аналардың балаларын бақылап отыруына мүмкіндік. Цифрландыру саласындағы мектептің келесі жетістігі  онлайн-тамақтану жүйесі. Бұл жүйе арқылы да ата-аналар балаларының не ішіп-жегенін қадағалай алады. Оқушылар тапсырыс береді. Мұғалімдер бөлмесі де соңғы үлгіде жабдықталып, ұстаздар қауымы цифрлы технологияның мүмкіндіктерін пайдалануда.

Өңірде жаңа партиялық жобалар пилоттық бастама ретінде жүргізілуде. «Нұр Отан» партиясы мен жергілікті мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастық арасында бірқатар меморандумға қол қойылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы балаларға арналған тегін IT сыныптар ашуға, арнайы IT мамандарды даярлап, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, өңірлік кітапханалар жүйесін трансформациялауға және кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталығы ретінде қайта құруға жол ашылуда.

Осындай жаңашыл жобалармен танысқан Тамара Дүйсенова  облыс әкімінің орынбасары  Мейрам Бегентаевпен бірге  балаларға арналған орталық қалалық кітапханада ашылған коворкинг-орталығы қазіргі заманға сай ІТ технологиялармен, 3D форматты теледидармен және жұмсақ жиһаздармен жабдықталған орталықты аралап көрді. Коворкинг-орталықтарда арнайы балалар алаңы, шығармашылық жұмыспен шұғылдану алаңы және дойбы, шахмат, асық ойыны сынды ойлау қабілеттерін жетілдіретін ойындар ойнайтын, яғни демалу алаңы бар.

«Нұр Отан» партиясы жергілікті  филиалы бастаған «Балаларға арналған тегін IT-сыныптар» жобасының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. «YBYRAI» Жас программистер Лигасы» Қоғамдық қорының директоры Әзиза Шөжееваның айтуынша, қалалар мен аудандарда 15 IT-сыныпта  оқыту  басталды. Сыныптарда еліміздің жоғары оқу орындарын техникалық мамандықтар бойынша бітірген түлектері жұмыс жасайды. Болашақ IT-маманы, жобаға қатысушы Алмас Нұрахметов. Ол аутизммен ауыратын балаларға арналған мобильдік қосымша жасаумен айналысуда.

Жергілікті филиал төрағасының орынбасары И. Теренченконың айтуынша, «Нұр Отан» партиясының жобасы қалада, ауылдарда тұратын балаларды IТ-білімге баулу үшін жүргізілуде.  Оқушылар жастайынан технология тілін меңгеріп, сайттар, қарапайым алгоритмдер, компьютерлік ойындар құру, еуропалық стандарттарға сай келетін анимациялар жасаудың қыр-сырын меңгереді.  Бірі химия пәнінің күрделі есептерін шешуге көмектесетін жоба құрастырса, бірі аутизм ауруына шалдыққан балаларға жәрдемдесетін жобасын ұсынды.

-Біз Павлодарға келгенде  IT-сыныптардың жұмыс барысымен таныстық. Информатика негіздерін тереңдетіп оқу арқылы оқушылар енді IT-сыныптарда білімдерін іс жүзінде көрсетуде. Бұл қанатты жоба ретінде  сіздердің  облыста басталды. Кітапханаларда ашылған коворкинг-орталықтар қазіргі күнгі жаңашылдығы, балалар жасалған  үлкен мүмкіндік. Оқушылар сарайының астрономия, жас журналистерді, дикторларды, кинемотографистерді дайындайтын орталығы мені таңқалдырды.  Бұл басқа өңірлерге де қажет, үлгі етер, жалғасын табар жарқын жаңалық,-деді Тамара Дүйсенова.

 Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті  түсірген: Константин Музалевский